Қазақстан Республикасының Заң шығарушы билігі Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 13.04.20231995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілермен айқындалады.
Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы
Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайланады.
Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.
Алпыс тоғыз депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан, жиырма тоғызы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады.
Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Мәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
Парламенттiң және Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.