Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу
Қызметті мемлекеттік органнан немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та қалай алуға болады (қажетті құжаттар):
Заңды тұлғаның не жеке кәсіпкердің шақыруын ресімдеу үшін:
- Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырылған кесте.
- Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат.
- Өкілдің өкілеттігін растайтын құжат.
Сұрау салған визаның санатына байланысты қосымша ұсынылады:
- Инвесторлар үшін – Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органының немесе АХҚО Әкімшілігінің қолдаухаты;
- Іскерлік сапар мақсатында көп мәртелік визаны ресімдеу үшін – (этникалық қазақтарды, бұрынғы отандастарды және Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес мемлекеттер тізімінде көрсетілген елдердің азаматтарын қоспағанда) шарттың немесе келісімшарттың көшірмесі;
- Діни іс-шараларға қатысу немесе миссионерлік қызметті жүзеге асыру үшін – діни қызмет саласында реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының аумағында түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарға бару үшін – ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының азаматтарын асырап алу үшін – Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі;
- Еңбек қызметін жүзеге асыру үшін, оның ішінде маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін - жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат не өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама, "Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларын бекіту, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттары талап етілмейтін адамдарды айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы № 802 қаулысына сәйкес шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат талап етілмейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін мынадай құжаттар қосымша ұсынылады:
қандастар үшін:
- халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бекітілген нысан бойынша қандас куәлігінің көшірмесі мен түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
теңіз, өзен кемелері, әуе көлігі экипаждарының мүшелері, "Жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе беру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 5 шілдедегі № 648 Жарлығына сәйкес ерекше мәртебе берілген жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ "Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) (бұдан әрі – Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидалары) белгіленген тәртіпте расталған құжаттары бар жоғары оқу орындарында басшылар лауазымдарында жұмыс істейтін, жоғары білімі бар және экономика саласында кадрларды даярлауды жүзеге асыратын оқытушылар үшін:
- шетелдік қызметкермен еңбек келісімшартының көшірмесі;
"Астана" халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) қатысушылары мен органдары тартатын адамдар үшін:
- заңды тұлғаны АХҚО қолданыстағы құқығына сәйкес тіркеуді/ аккредитациялауды растайтын сертификаттың көшірмесі;
- шетелдік қызметкермен еңбек келісімшартының көшірмесі;
Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларында белгіленген тәртіпте расталған құжаттары бар жоғары білімді, ұлттық басқару холдингінде құрылымдық бөліністердің басшыларынан төмен емес лауазымдарда жұмыс істейтін адамдар үшін:
- Қазақстан Республикасында құрылымдық бөліністердің бірінші басшыларының шетелдік қызметкерді тағайындауы туралы ұлттық басқару холдингінің бұйрығы;
ұлттық басқару холдингінің директорлар кеңесі мүшелері ретінде жұмыс істеуге тартылатын адамдар үшін:
- ұлттық басқару холдингінің директорлар кеңесінің жалпы жиналысынан үзінді;
шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшысы болып жұмыс істейтін адамдарға:
- шетелдік қызметкерді бірінші басшы етіп тағайындау туралы құрылтайшының шешімі не құрылтайшылардың жалпы жиналысынан үзінді;
олардың жарғылық капиталында шетелдік қатысудың жүз пайыз үлесімен қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары болып жұмыс істейтін адамдарға:
- шетелдік қызметкерді Қазақстан Республикасында бірінші басшы етіп тағайындау туралы құрылтайшының шешімі не құрылтайшылардың жалпы жиналысынан үзінді;
олардың жарғылық капиталында шетелдік қатысудың жүз пайыз үлесімен қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшыларының орынбасарлары болып жұмыс істейтін адамдарға:
- басшының орынбасары лауазымына жұмысқа қабылдау және тағайындау туралы бұйрықтың көшірмесі;
- оқу практикасынан немесе тағылымдамадан өту үшін – Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының немесе "Астана Хаб"-тың "Астана Хаб" бағдарламалары бойынша оқудан өту үшін қолдаухаты;
- гуманитарлық уәждер бойынша – қолдаушы халықаралық ұйымның немесе оның өкілдігінің Қазақстан Республикасында аккредитациядан өткенін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған гуманитарлық көмек көрсету туралы халықаралық шарты болған кезде осы елдің заңнамасына сәйкес оның болу еліндегі шетелдік үкіметтік емес ұйымда (қорда) ресми тіркелгенін растайтын құжат;
- білім алу үшін – Қазақстан Республикасының оқу орнының немесе Қазақстан Республикасының білім беру мәселелері жөніндегі уәкілетті органының қолдаухаты;
- Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жақын туыстарын не Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және медициналық мекемелерде емделіп жатқан виза алушыларды күтіп-бағу үшін – Қазақстан Республикасында орналасқан медициналық ұйым берген және тұрақты күтіп-бағу қажеттілігін, сондай-ақ туыстық дәрежесін растайтын құжаттар.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті алушының тіркелген жері бойынша жүзеге асырылады.
Қызмет көрсету нәтижесі
Қолдаухаттың бірінші данасына уәкілетті қызметкердің қолымен куәландырылған және көрсетілетін қызметті берушінің мөрімен бекітілген келісу нөмірін қою арқылы Қазақстан Республикасына келуіне шақыруын ресімдеу не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.